Сейчас: 2019-01-22 19:18:44

    Блоги

    Бизнеске арналған «Digital Damu» цифрлық алаңы құрылады


    АСТАНА. ҚазАқпарат — Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жаңа цифрлық алаң құрылады. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

    «2019 жылы «Digital Damu» атты өзіміздің цифрлық алаңды құрамыз. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын цифрлық алаң шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алуға мүмкіндік береді. Онда екінші деңгейлі банктер мен мемлекеттік мәліметтер қоры біріктіріледі. Соның нәтижесінде, қор көрсететін мемлекеттік қызметті алу процесі жылдамдайды», — дейді ол.

    Оның айтуынша, бүгінде қор жүргізетін бизнес процестерді автоматтандыру алға қойылған.

    «Жалпы алғанда қор ұсынатын 24 бағыт бойынша бизнес қызметтің 21-і бүгінде толық автоматтандырылды, қалған үшеуі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бизнес процестерді автоматтандырудың пайыздық көрсеткішіне келсек, 2016 жылы 37%, 2017 жылдың соңында 63% болса, бүгінде ол көрсеткіш 92%-ға жетті», — деді А.Сарқұлов.

    Одан бөлек, «Даму» қорының басшысы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясындағы субсидиялау және кепілдік беру жұмыстарының нәтижесіне де тоқталды.

    «Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралы арқасында кәсіпкерлер номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50%-на дейін субсидия ала алады. Бағдарламаны жүзеге асырған 8 жыл ішінде субсидиялау арқылы жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 12,6 мың жобаға қолдау көрсетілді. Несие беруде көш бастаған аймақтар ретінде Алматы қаласы мен Алматы облысын атауға болады. Ал, кепілдендіру бойынша аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 4,8 мың жобаға жалпы сомасы 179 млрд теңге жұмсалды. Кепілдендіру бойынша көш бастаушы Астана қаласы мен Қостанай облысы», — деді ол.

    Айта кетсек, бұған дейін 20 мыңнан астам кәсіпкер аталған қор арқылы өз бизнесін қаржыландырғанын хабарлаған болатынбыз.


    Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/bizneske-arnalgan-digital-damu-cifrlyk-alany-kurylady_a3487346”